ҚФФ-да ұлттық құраманың болашақ «жұлдыздарын» атады

ҚФФ президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман Қазақстан құрамасына жетекші бола алатын жас ойыншылар жайында пікір білдірді.
Оның айтуынша, «Оқжетпестің» ойыны көз қуантады: «Олардың жылдам ойынына тіпті камера да үлгермей жатыр. «Астананың» негізгі құрамына қарсы керемет матч өткізді. Сол ойында гол салған жігіт қазір елдің аузында жүр».
Сондай-ақ ол «Қайрат» пен «Атырау» арасындағы кездесуде Адилет Садыбековтің алаңға сәтті қосылғанын атап өтті: «Егер Адилет бабына келсе, ұлттық құраманың орталықтағы мәселелі орнын еш қиындықсыз жауып бере алады».
Айта кетейік, Қазақстан кубогының 1/8 финалында «Оқжетпес» пен «Астана» тең ойнаған болатын (1:1), ал пенальти сериясында елордалықтар жеңіске жетті — 8:7. Көкшетаулық клуб сапынан Алияр Мұхамед 26-минутта есеп ашқан.