Ресейдегі турнирде бокстан әйелдер құрамасы алтын жүлдесіз қалды

Ресейдің Хабаровск қаласында өтіп жатқан бокстан Константин Коротковты еске алуға арналған турнирде әйелдер құрамасы алтын жүлдесіз аяқтады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ел құрамасынан әйелдер арасында қазақстандық үш былғары қолғап шебері финалда бақ сынаған еді. Олардың үшеуі де қарсыластарына есе жіберіп, турнирдің күміс медалін қанағат тұтты.
Финалда Айдана Забынбекова (57 келі) Солтүстік Кореядан келген Сок Хен Ку, Ұлдана Таубай (66 келі) сол елдің тағы бір өкілі Су Хе Хоангқа 0:5 есебімен есе жіберді.
Ал Римма Волосенко (60 келі) ресейлік Ирина Автинадан 2:3 есебімен жеңіліп қалған еді.
Енді ерлер құрамасынан Сәкен Бибосынов (54 келі) ресейлік Денис Пальшин, Сағындық Тоғамбай (92 келі) Сергей Слободян, Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) ресейлік Орудж Мамедовпен қолғап түйістіреді.
Айта кетсек, халықаралық турнир биыл он алтыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Байрақты бәсеке 20 сәуірге дейін жалғасады.