«Челси» еурокубокта өз алаңында жеңіліс құшты

Ағылшындық «Челси» мен Польшаның «Легия» командалары кездескен УЕФА Конференция лигасының 1/4 финалының қарымта кездесуі аяқталды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Командалар Англияның Лондон қаласындағы «Стэмфорд Бридж» стадионында ойнады. Матчты Алехандро Эрнандес (Испания) бастаған төрешілер тобы басқарды. Қонақтар 2:1 есебімен жеңісті тойлады.
10-минутта «Легияның» шабуылшысы Томаш Пехарт пенальтиден есеп ашты. 33-минутта «Челсидің» қорғаушысы Марк Кукурелла вингер Джейдон Санчоның пасынан кейін таразы басын теңестірді. 53-минутта поляк қорғаушысы Стив Капуади бұрыштама добынан кейін командасын есепте алға шығарды.
Командалар арасындағы алғашқы ойын 10 сәуірде Польшада өтіп, «Челсидің» 3:0 есебімен жеңісімен аяқталды. Осылайша, екі матчтың қосындысындағы басымдықтың арқасында «Челси» Конференция лигасының жартылай финалына шықты.