Ұлттық құрама бапкері Ризабек Айтмұқанның жаттығуына көңілі толмайтынын айтты

Еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов Ризабек Айтмұқанның жаттығуды дұрыс істемейтінін, сондай-ақ медиа адамына айналып кеткенін айтып, сыни пікірін білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Ризабекке қазір көп жаттығу қажет. Күші жоқ екені сырттан-ақ көрініп тұр. Оған ауыр, қара жұмыс істеу керек. Темір көтеру керек. Қара жұмыс болмаса, күш жиналмайды. Ол қазір жаттығып жүр, бірақ жеңіл жаттығулар ғана. Оның үстіне, жеке бапкері өзінің әкесі болғандықтан, баласын көп жағдайда аяп қалады. Оған мықты бапкер керек.
Ризабек медианың адамына айналып кетті. Алайда, 97 келі оған әлі ауыр болып тұр. Егер бұл салмақта өзін мойындатамын десе, ес жинауы керек», - деді Мадияр Құрамысов sportbugin.kz сайтына берген сұхбатында.
Жуырда ғана Албанияда өткен Азия чемпионатында фавориттер қатарында белдескен Ризабек Айтмұқан 97 келіде финалда алтын үшін өткен белдесуде жапон балуаны Араш Ешидаға 7:1 есебімен жеңіліп, күміс медаль алған еді.
Ризабек Айтмұқан 2023 жылы Азия чемпионатында дәл осы жапон балуанынан жеңіліп, күміс жүлде иеленсе, 2024 жылы Бішкекте 97 келіде Ахмед Тажудиновке 4:2 есебімен есе жіберген еді. Бұл – Ризабек Айтмұқанның Азия чемпионатындағы үшінші күміс медальі.