Қазақстанда құмар ойын бизнесі мен оның жарнамасына қатысты талаптар күшейтіледі

Қазақстанда құмар ойын бизнесі мен оның жарнамасына қатысты талаптар күшейтіледі, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл туралы мәжіліс депутаты Айнұр Арғынбекова хабарлады. Оның айтуынша, өзгерістер халықты құмар ойындарға тартуды азайту және салаға бақылауды күшейту мақсатында қолға алынған.
Жаңа ережелерге сәйкес, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасы тек олардың ресми сайттарында және ойын аймақтарының аумағында ғана орналастырылады. Сонымен қатар, жарнама спорттық іс-шаралар кезінде де рұқсат етіледі, бірақ тек спорт нысандарының ішінде және ойын аяқталған соң бірден алынып тасталуы тиіс.
Бұдан бөлек, жарнама тек мамандандырылған спорттық БАҚ-та жариялана алады. Ал мобильді нөмірлерге жарнама таратуға тыйым салынады. Бұл шешім алаяқтыққа қатысты шағымдардың көбеюіне байланысты қабылданған.
Сондай-ақ, құмар ойындарға қатысуға тыйым салынған тұлғалар тізімі кеңейтілді. Бұдан былай бұл тізімге мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер мен күштік құрылым өкілдерімен қатар, шартты түрде сотталғандар мен бостандығы шектелген азаматтар да енеді.
Бұған дейін, ойынқұмарлыққа шалдыққандарға медициналық көмек көрсету шаралары да талқыланған болатын.