Черчесов: «Қазір жұмыс іздеп жүрген жоқпын – бәрі өз уақытымен болады»

Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Станислав Черчесов «Спорт-Экспресс» басылымына берген сұхбатында бапкерлік қызметке қайта оралу туралы нақты жоспар жоқ екенін айтты. Қазіргі таңда ол ешқандай ұсынысты қарастырып жатпағанын жеткізді.
2025 жылдың қаңтарында Қазақстан құрамасынан кеткеннен кейін оның күнделікті өмірі аса өзгермеген. Ол түрлі спорттық іс-шараларға қатысып, телебағдарламаларда бой көрсетіп, футбол академияларында дәріс оқып жүр.
«Бапкерлердің өмірі сондай – кейде жұмыстасың, кейде үзіліс болады. Қазір “Локомотив” академиясында да кездесу өткіздім. Алда не боларын көреміз. Негізі, адам дайын болса, жұмыс өзі табылып жатады», – дейді Черчесов.
Айта кетейік, Станислав Черчесов Қазақстан құрамасын небәрі алты ай жаттықтырды. Сол аралықта команда алты ойын өткізіп, бесеуінде жеңіліс тапты. Жалпы есеп айырмасы – 0:15.