«Канеломен айқас болмайды»: сарапшы Жәнібекке өз салмағында қалуға кеңес берді

Белгілі молдовалық бапкер, Youtube-тағы «Бокс студиясы» арнасының авторы Виктор Ялымов Астанада өткен бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлының жеңісіне пікір білдірді. Айта кетейік, ол бұл кездесуде франциялық Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта техникалық нокаутпен ұтқан еді.
Ялымовтың сөзінше, қарсылас деңгейі төмен болған. «Шыны керек, Жәнібек әлдеқайда мықты қарсыластарға лайық. Нгамиссенгенің не соққысы, не жоспары болған жоқ. Бастапқы раундтардан-ақ жекпе-жек көпке созылмайтыны белгілі болды», – деді ол.
Сарапшы сонымен қатар әлемдік деңгейдегі боксшылардың Жәнібектен неге қашатынын түсіндірді: «Жәнібек өте қауіпті боксшы, бірақ ол ақша әкелмейді. Сондықтан ешкім тәуекелге барғысы келмейді».
Ал Сауль «Канело» Альвареске жолдаған шақыруды Ялымов орынсыз деп есептейді. «Канело 76 келіде жұдырықтасып жүр, Жәнібекпен айқасуы екіталай. Сол себепті, оған мән берудің қажеті жоқ. Өз салмағында қалып, абсолют чемпиондыққа ұмтылған дұрыс», – деп қорытындылады маман.