Әли Әлиев Бірінші лигадан ойыншылар қарастыратынын айтты

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Әли Әлиев наурыздағы Уэльс пен Лихтенштейнге қарсы өткен матчтардан кейін кейбір ойыншыларға қатысты сұрақтарының бар екенін жасырмады. Осы ретте ол құрамадағы бәсекені күшейту үшін жаңа есімдерге жол ашылатынын айтты.
Мамандар енді тек Премьер-лига емес, Бірінші лига ойыншыларын да бақылауға алмақ. «Ұлттық құрамаға баратын жол бәріне ашық. Қазір бапкерлермен бірге Бірінші лига матчтарына да барамыз деп жоспарлап отырмыз», – деді Әлиев Orda.kz-ке берген сұхбатында.
Бұл дегеніміз – еліміздің екінші деңгейлі чемпионатында ойнайтын футболшылар үшін үлкен мүмкіндік. Құрамаға ену үшін дәл қазір көзге түсу – аса маңызды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы маусым айында әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында шешуші кездесулер өткізеді. Сондықтан әрбір тур маңызды сынға айналмақ.