Диего Симеоне Испания чемпионатында рекорд орнатты
Футболдан «Атлетико» (Мадрид) клубының бас бапкері, аргентиналық Диего Симеоне Испания чемпионатында рекордтық нәтижеге қол жеткізді.
Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Д.Симеоне мадридтік клубтың бас бапкері ретінде 700 матч өткізді.
Осылайша, 54 жастағы Симеоне Ла Лигада бір командада 700 ресми ойын өткізген алғашқы жаттықтырушы болды.
Футболшы ретінде Аргентина құрамасымен бірге Атланта Олимпиадасының күміс жүлдегері атанып, үш әлем чемпионатына қатысқан Диего Симеоне «Атлетиконы» 2011 жылдың желтоқсанынан бері баптап келеді. Осы кезеңде командасымен бірге 413 жеңіске қол жеткізіп, 156 рет тең ойнады. 131 кездесуде қарсыластарына есе жіберді.
«Атлетикомен» бірге аргентиналық маман Испания чемпионатын екі рет, елдің кубогы мен суперкубогын, қос дүркін Еуропа Лигасы мен УЕФА суперкубогын ұтып алды. Сондай-ақ «Атлетико» екі рет Чемпиондар лигасының финалында ойнап, екеуінде де мадридтік «Реалға» жол берді.
«Атлетико» жаңа маусымда 14 матчтан кейін 29 ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орында келеді.