русский язык
Единоборства

Парижге баратын соңғы мүмкіндік: балуандар Стамбулдағы іріктеу сынына қатысады

Парижге баратын соңғы мүмкіндік: балуандар Стамбулдағы іріктеу сынына қатысады
news-banner7
mobile-news-top

9 мамыр күні Түркияның Стамбул қаласы күрес түрлерінен әлемдік іріктеу турнирін қабылдайды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Парижге жолдама беретін соңғы жарыста 54 олимпиада квотасы сарапқа салынады. Балуандарымыз жазғы ойындарға толық құраммен баруы үшін оларға 11 жолдамаға қол жеткізу керек.

Қазіргі таңда біздің команда еншісінде жалпы есебі жеті жолдама бар. Оның төртеуін грек-рим күресінің өкілдері иеленсе, үшеуі – еркін күрес шеберлерінде. Ал бұрымды балуандарымыз екі іріктеу турнирінен де құр алақан қайтты. Енді олар Стамбулда қателеспеу үшін барын салады.

Айта кетелік, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында күрестің үш түрінен жалпы есебі 18 жүлде жиынтығы үлестіріледі. Бір қызығы, жазғы ойындарға біршама әлем үздіктері әлі де квота алған жоқ. Демек, Түркиядағы турнир ешкімге де оңай болмасы анық. Қатысушылар санының тым көптігіне де қарап, жолдамаға барар жолдың қиын екенін сеземіз.

Олимпиадаға соңғы іріктеу турниріне әлемнің 93 мемлекетінен келген 517 балуан қатысады. Олардың қатарында Қазақстан командасы да бар.

Құрлықтық іріктеу турнирінде тек финалистерге жолдама берілсе, Стамбулда әр салмақ өкілдеріне үш квотадан ұстатады. Нақтылап айтар болсақ, финалға жолдама алған екі балуан мен үшінші орын алған спортшылардың ішіндегі ең үздігіне Парижге барар билет берілмек. Яғни, қола жүлдегерлер арасында өзара белдесу өткізіледі.

Жарысты «классиктер» бастайды. Грек-рим күресінің өкілдерінде 67 және 97 келіге дейінгі салмақта жолдама жоқ. Стамбулда Дін-Мұхамед Қошқар (67 келі) мен Юсуф Мациев (97 келі) сынға түседі. 2022 жылы екі спортшы да 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында көзге түсіп, бірі күміс, бірі қола жүлдегер атанған.

Әлі күнге дейін әлемдік жарыстарда шыңдалып көрмеген екі балуанға да бұл бәсеке оңай болмайды. Өйткені, жолдамаға таласатын спортшылар арасында әлем, Еуропа чемпионаттарының жүлдегерлері бар.

Ал еркін күрес шеберлері үш жолдамаға таласады. Парижге толық құраммен бару мүмкіндігіне де баға бере алмаймыз. Себебі, әлем үздіктерінің барлығы дерлік квота мәселесін шешкен жоқ. Тіпті, Олимпиаданың қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы Фрэнк Чамизо да іріктеу турниріне қатысады. Еркін күресте ең беделді саналатын 74 келі салмақта Чамизо да, қазақстандық Нұрғожа Қайпанов та сынға түспек. Осы жарысқа барады деп күтілген Талғат Сырбаз жарақатына байланысты жарысты шеттеді.

Сондай-ақ, Мадияр Құрамысов шәкірттері 57 және 65 келіде Олимпиада жолдамасына таласады. Ең жеңіл салмақта Рахат Қалжан белдеседі, 57 келіде 28 балуан бақ сынамақ. Оладың арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алириза Сарлак (Иран), Еуропа чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері Георгий Вангелов (Болгария) те бар.

65 келі салмақта бапкерлер Адлан Асқаровқа сенім артып отыр. Әлемдік сындарда белдесіп жүрген балуанның әлеуетін Стамбул кілемінде көретін боламыз. Бапкерлер соңғы іріктеу турниріне қатысатын спортшыларды Түркиядағы Яшар Догу турнирінің қорытындысына қарап іріктеген.

Бәрінен бұрын, әйелдер командасының жағдайы ауыр. Қазақстандық балуан қыздарда әлі бірде-бір жолдама жоқ. Қайрат Сағадиев баптайтын команда Стамбулда толық құраммен сынға түседі.

Айтпақшы, әйелдер күресінің әлемдік жұлдыздары да Париж Олимпиадасына әлі жолдама алмаған. Төрт дүркін Олимпиада жүлдегері Мария Стадник (Әзербайжан), әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері Мария Преволаракидің (Грекия) де соңғы іріктеуге қатысып жатқаны соның айғағы.

Демек, әйелдер арасындағы белдесулер аса тартысты өтпек. Қазақстан намысын төмендегі спортшылар қорғайды.

50 келі: Лаура Ғаниқызы

53 келі: Марина Седнева

57 келі: Лаура Алмағанбетова

62 келі: Ирина Кузнецова

68 келі: Елена Шалыгина

76 келі: Эльмира Сыздықова

«68 келі салмақта Елена Шалыгина белдесетін болды. Негізі, Бішкектегі турнирден соң Альбина Қайыргелдинованы да үміткер ретінде қарадық. Альбина әлі жас балуан, Азия чемпионатында да көзге түсе алмады. Сондықтан, бапкерлер мен федерация ақылдаса келе, Елена мен Альбина арасында өзара белдесу өткізуді жөн санадық. Сол кездесуде Шалыгина айқын басымдықпен жеңіп, Стамбулдағы турнирге қатысу құқығын алып отыр.

Бұл салмақта Мадина Бақбергенованың да бар екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Бірақ Мадина іріктеу турнирлеріне қатысудан өзі бас тартты. Ол тұрмыс құрып, балалы болған соң, дереу кілемге оралды. Бірден Азия чемпионы атанды. Оның бұл жетістігі үлкен ерлік екені анық. Алайда, уақыт өте келе денсаулығы сыр бере бастады. Белінде жарақаты бар. Қазақстан чемпионатының финалында да Шалыгинамен белдесуден жарақатына байланысты бас тартты. Жарыс жақындаған кезде белі сыр береді. Соның салдарынан Мадинаны қаншама турнирден еріксіз алуға мәжбүр болдық.

Жәмила Бақбергенованың Бішкектегі іріктеу сынында жолы болмады. Біз былтыр жылды қорытындылап, алдағы маусым жоспарларын анықтаған кезде, іріктеу турнирінде жолдамасыз қалған балуанның орнына Азия чемпионатында көзге түскен спортшы белдеседі деп шешкенбіз. 76 келіде Эльмира Сыздықова құрлық додасында қола медаль алды. Сондықтан, Стамбулдағы турнирге заңды түрде барады», - деді Сағадиев.

Айта кетелік, іріктеу турнирі 12 мамырда мәресіне жетеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;