Волейболдан ел чемпионаты: «Қуаныш» командасы қола жүлдеге жақын тұр
Түркістан қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатында «Қуаныш» (СҚО) пен «Жетісу» (Талдықорған) клубтары қола жүлде үшін алаңға шықты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Өткен жылы солтүстікқазақстандықтар күміс жүлдеге ие болса, «Жетісу» үздік үштікке іліккен еді.
Сербиялық маман Марко Гршич Өскеменнің «Алтайымен» бірге ел чемпионы атанған болатын. Алайда «Алтайдан» негізгі ойыншылар кетіп қалғаннан кейін М.Гршич те «Жетісу» клубын жаттықтыруды қош көрді.
Биылғы чемпионатта көштің алдын бермеген «Қуаныш» (бас бапкері Азамат Есімов) жартылай финалда Түркістанның «Тұранына» жол беріп, үшінші орынға ғана таласуға мүмкіндік алды.
Бүгінгі ойында «Жетісу» матчты қарқынды бастады – 25:20. Гршичтің шәкірттері екінші партия барысында да басымдылыққа ие болғанымен, соны пайдалана алмады – 24:26. Содан кейін «Қуаныш» күш алып кетті – 25:21, 25:15. Жалпы есеп – 3:1.
Енді солтүстікқазақстандықтар ертеңгі екінші ойында жеңіске жетсе, қола жүлдегер атанады.
Бесінші орын үшін бірінші матчта «Алматы» «Ертісті» (Қарағанды) оңай ұтты – 3:0 (25:19, 25:16, 25:19).
Сондай-ақ «Қарағанды» «Алтайды» 3:0 (25:20, 25:20, 25:17) есебімен тізе бүктіріп, жетінші сатыға лайық екендіктерін байқатты.