Марлан Мұқашев Бішкектегі рейтингтік турнирде топ жарды
Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте Қожамқұл Қабаұлы және Ратбек Санатбаев атындағы күрестен рейтингтік турнир басталды. Ұлттық құрама спортшылары доданың алғашқы күні 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды.
Грек-рим күресінен 55 кг дейінгі салмақта VI жазғы Спартакиаданың жеңімпазы Марлан Мұқашев финалда өзбекстандық Ихтиор Ботировты ұтып (4-2), жеңімпаз атанды.
Осы салмақта қола медаль үшін таласта тағы бір отандасымыз Ерсін Абыйыр үндістандық балуаннан жеңілді. Ал Аманғали Бекболатов тағы бір өзбекстандық Жасурбек Ортикбоевтан айласын асырып, қолаға қол жеткізді.
Осыдан кейін Нұрсұлтан Базарбаев (60 кг) финалда өзбекстандық Исломжон Бахрамовтан ұтылып, турнирдің күміс жүлдесіне ие болды. Ал Ернар Фидахметов жарыс қожайыны Балбай Дордоковты жеңіп, қоланы қанағат тұтты.
Өкінішке қарай, 87 кг дейінгі салмақта Нұрсұлтан Тұрсынов қола медаль алса, Азамат Құстубаев болса түркиялық Әли Чингизге есе жіберді. Бұл турнир 4 маусымда аяқталады.