«Абай жолын» қолыма алдым». Жалғас Жұмағұлов карантинде уақытын қалай өткізіп жатыр
Қазақстандық танымал файтер Жалғас Жұмағұловтың UFC ұйымындағы алғашқы кездесуін көреміз деп жүргенде, коронавирус белең алып кетті. Бүкіл әлем карантин режимінде күн кешіп жатыр. Ал Жако қазір қайда жүр? Спорттық бабын жоғалтып алған жоқ па? Көптен күткен дебют биыл бола ма? Өзінен сұрап көрелік.
- Жалғас, ассалаумағалейкум! Карантиндегі өмір қалай өтіп жатыр?
- Уағалейкумассалам! Карантин дейсіз бе? Үйде, отбасымыздың қасындамын. Жаттығу жасап жүрміз. Бірқалыпты, қоңыр тірлік.
- Бос уақыт көп шығар қазір?
- Иә. Әр нәрседе бір қайыр бар деген. Үнемі жолда, жаттығу жиындарында жүріп, үйде көп бола бермейміз ғой. Мына карантин отбасыммен көп уақыт өткізуге жақсы себеп болды. Балаларымның тәрбиесіне де көп көңіл бөліп жүрмін. Достарыммен телефон арқылы ғана байланыстамыз.
- Спортшылардың көбі әртүрлі фильмдерді тамашалап, кітап оқуды әдетке айналдырған сыңайлы. Өзің кітап оқисың ба, соңғы оқыған кітабың қандай?
- Діни әдебиеттерді көп оқимын. Тіпті өте көп оқыдым деуге де болады. Енді «Абай жолын» қолға алдым. Бұл классикалық романды әр қазақ міндетті түрде оқу керек деп ойлаймын.
- Карантинде спорттық бабыңды жоғалтып алған жоқсың ба?
- Жоқ. Жаттығу залына барып жүрміз. Бәрі бұрынғыдай, алайда қазір тек кәсіпқойлар ғана жаттығып жатырмыз. Көп адамның топтасуына жол жоқ. Спарринг-әріптесім де бар.
- Жалғас, әлемнің ең үздік промоушны саналатын UFC ұйымындағы дебютің биыл өте ме қалай ойлайсың? Әлемде болып жатқан жағдайға байланысты кейінге шегеріліп кетпей ме?
- Аллаһ қаласа, кейінге шегерілмейді деп ойлаймын. Алғашқы жекпе-жегім 13 маусымға жоспарланған ғой. Әлі ешкім ештеңе өзгерткен жоқ. Қай жерде өтетіні ғана белгісіз. Мүмкін бір аралда, бәлкім мүлде басқа бір елде өтер, білмеймін. Мен дайынмын. Қай жерде өтсе де бәрібір.
- UFC демекші, Джастин Гэтжи мен Тони Фергюсон арасындағы кездесуде кімнің бағы жанады? Сеніңше қайсысы мықтырақ?
- 9 мамырға дейін Гэтжи де бабына енері анық. Маған екеуі де ұнайды. Соңына дейін төбелесетін дүлейлер ғой. Қайсысы жеңімпаз атанарын дөп басып айту қиын, әрине. Қайсысы сәтті қимылдайды сол жеңеді. Мынау басым түседі деп біреуін айтқым келмейді.
- Нурмагомедов – Фергюсон жекпе-жегі тағы өтпейтін болды. Бүл айқас әйтеуір бір өтетін шығар?
- Болатыны анық. Егер Тони Джастиннен жеңілетін болса, Хабиб әрине онымен төбелеспейді де. Екеуінің қай жеңгені ресейлік файтермен кездесетін шығар.
- Аралас жекпе-жек жанкүйерлері сенің дебютіңді асыға күтіп жүр. Оларға қандай тілек айтасың?
- Барлық жанкүйеріме көп рахмет айтқым келеді. Қолдауларыңызды сезініп жүрмін деп үнемі қайталап айтамын. Сіздер мен қолдасаңыздар, мен де сіздер үшін соңына дейін күресемін. Өз халқым үшін бәріне дайынмын. Аллаһ разы болсын!
- Көп рахмет!
Сұхбаттасқан Мадияр Қазыбек