Кабананга «Астанадан» кетеді
«Астана» футбол клубының шабуылшысы Жуниор Кабананга жақын арада командадан кетеді, деп жазады Prosports.kz.
Кабананганы «Астана» өткен жылы шілде айында «Аль-Наср» (Сауд Арабиясы) футбол клубынан 2019 жылдың шілдесіне дейін жалға алған болатын. Енді осы келісімшарттың мерзімі аяқталып отыр.
Шабуылшы ел чемпионатының 14-ші туры аясында өткен «Қайсарға»(4:1) қарсы ойынға қатысқан жоқ. Соған қарағанда клубпен жаңа келісімшарт жасамаған секілді.
Елордалық клубқа қайта оралған конголық шабуылшы бұрынғыдай өнер көрсете алмады. Оның өнері жанкүйерлердің де, клуб жетекшілерінің де көңілінен шыққан жоқ. Демек, келісімшартты ұзартудың еш жөні жоқ деген сөз.
Айта кетейік, конголық шабуылшы «Астана» сапында 2015-2017 жылдар арасында ойнаған. Жуниор «Астана» сапындағы 3 маусымда 89 ойынға қатысып, 38 гол соғып, 19 нәтижелі пас берген еді. Осы керемет көрсеткішінен кейін, 2018 жылы қаңтарда сауд арабиялық «Аль-Наср» клубына ауысқан болатын.
Жуниор Кабананга Конго ДР құрамасының қатарында 2017 жылғы Африка Ұлттар Кубогында үздік сұрмерген атанып, аталмыш турнирдің таңдаулы құрамына енген болатын.
Кабананга Конго құрамасына шақырылмады