Өзбекстандағы халықаралық турнирді қазақ балуандары жеңіспен бастады
Өзбекстанда ала шапанды ағайын ұлттық ойыны кураштан Әмір Темірді еске алуға арналған VII халықаралық турнирін бастады.
Төрт жылда бір рет өтетін дүбірлі додаға әлемнің 30 елінен 100-ден астам балуан келді. Байрақты бәсекеде қос бірдей жерлесіміз ел намысын қорғап жатыр.
Ерлер өзара 73, 81, 90 келі салмақта және түйе палуанды анықтайды. Ал қыздар екі салмақ дәрежесінде күреседі. Халықаралық турнирдің жүлде қоры 50 мың АҚШ долларын құрайды. Абсолюттік жеңімпаз Өзбекстан Президентінің жүлдесі 10 мың АҚШ долларына ие болады. Дүбірлі додада топ жарған спортшылар Индонезия астанасы Джакартада өтетін XVIII жазғы Азия ойындарына жолдама алады. Өйткені өзбектің курашы жазғы Азия ойындарының бағдарламасына ресми түрде енгізілді. 73 келі салмақта бірінші болып кілемге шыққан жерлесіміз Сүйіндік Жұманов германиялық қарсыласын екі минутта тізе бүктірді.
Сүйіндік Жұманов, дзюдодан Азия кубогының жеңімпазы:
- Алғашқы кездесуім германиялық спортшымен болды. Қарсыласымды екі минутта жеңдім. Алда әлі 3-4 кездесу бар. Бар күш-жігерімді салып, оларды жеңіп, ел намысын қорғаймын деген ойдамын.
Садриддин Суяров, Азия-Тынық мұхиты аймағы күрес конфедерациясы ХБ департаментінің директоры:
- Дүбірлі додаға қазылар алқасы да әлемнің бірнеше елінен шақыртылды. Бұл жолғы жарысқа Орталық Азиядан бастап, Еуропа және теңіздің арғы жағынан да арнайы өкілдер келіп отыр. Барлығы мықты балуандар. Алғашқы кездесулердің өзі өте тартысты өтті. Бұл бәсекеге сайдың тасындай іріктелген балуандар жиналған.