Конфедерация кубогының жеңімпаздары анықталды
Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 2017-жылғы Конфедерация Кубогы мәресіне жетті. Биыл екінші рет ұйымдастырылған дүбірлі дода Тұңғыш Президент күніне сай келді. Жарыстың алғашқы күнінде әр аймақтан жиналған мықтылар финалдық жолдаманы сарапқа салды. Биылғы жарыстың басты ерекшелігі - Конфедерация Кубогіне қазақша күрестің енуі. Төл спортымызды төрге шығаруды ойлаған жарыс ұйымдастырушыларының бұл бастамасы көптеген спорт жанкүйерлері тарапынан кең қолдауға ие болды. Қазақша күрестен соңғы «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы Еламан Ерғалиевтың қатысуы жарыстың деңгейін көтере түскені анық.
Финалдық кездесулерді алдымен былғары қолғап шеберлері бастап берді.
Финалға шыққан Маңғыстау облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысы құрамаларының қай-қайсы да жеңістің ең жоғарғы сатысына лайықты еді.
ОҚО облысына алғашқы ұпайды Сәкен Бибосынов алып келді. Оның қарсыласы жарақатына байланысты кездесуге шыға алмай, жеңіс Сәкенге берілді. Екінші жекпе-жекте Шалқар Айқынбай Самат Жетібаевті жеңіп шымкенттік команданың үстемдігін арттыра түсті. Үшінші кездесуде маңғыстаулық Нұрбол Қалжанов қарсыласы Олжас Қалаубекті жеңіп, есепті 2-1 жеткізді. Бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Берік Абдрахманов Сұлтан Зауырбекті ұтып, жалпы есепті теңестірген. Одан кейінгі екі кездесуде ОҚО спортшылары жеңіске жетті. Атап айтқанда Бекдәулет Ибрагимов Сұлтан Шаршовты жеңсе, Бекход Халметов Жәнібек Мұратовтың осал тұсын тапты. Ерік Әлжанов пен Абай Төлеш арасындағы кездесуде маңғыстаулық спортшы төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңісті тойлады. Бұл кездесуден соң жалпы есеп 4-3 жетіп бас жүлде үшін талас шиеленісе түскендей көрінген. Алайда соңғы үш кездесудің үшеуінде де Оңтүстік Қазақстан облысының былғары қолғап шеберлері қарсыластарынан басым болды.
Осылайша, шиеленісті өткен он жекп-жектің жетеуінде шымкенттіктердің мерейі үстем түсіп, бокстан Конфедерация Кубогының жеңімпазы атанды. Ал Маңғыстау облысы болса былтырғы атақтарын қорғап қала алмай сан соғып қалды.
«Біз негізінен жас боксшыларған сенім арттық. Дей тұрғанмен олар жастығына қарамай тәжірибелі спортшылар саналады. Бесеуі халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері болса, өзгелері спорт шеберлері. Ал ұтып алған 25 млн теңгені өңірде боксты дамыту мақсатында жұмсамақпыз. Атап айтқанда команданың жаттығуына керек-жарақтың бәрін сатып алмақпыз», - деді ОҚО командасының бас бапкері Нұрлан Айтуаров.
Грек-рим күресі
Боксшылардан кейінгі кезекті грек-рим күресі шеберлері алған. Финалға шыққан Алматы облысы құрамы бірнеше жылдан бері ұлттық құрама намысын қорғап, Әлем және Олимпиада ойындарының дәмін татқан сақа палуандармен жасақталған екен. Ал оларға финалда Қарағанды облысының құрамасы қарсылас атанды. Былтырғы жылы Конфедерация Кубогінде қарсылас шыдатпай бас жүлдені жеңіп алған Алматы облысының палуандары биыл да бабында екендігін байқатты. Дей тұрғанмен бұл теке-тірестің жеңімпазы тек соңғы белдесуде белгілі болды. Әлем біріншілігінің қос бірдей қола жүлдегері саналатын Нұрмахан Тыналиев өзінің Қазақстанда ауыр салмақта теңдесіз екендігін бұл жолы да дәлелдеді. Осылайша, грек-рим күресінен бас жүлде Алматы облысына бұйырды. Финалдық белдесулердің бесеуінде Алматы облысы палуандары жеңіске жетсе, үшеуінде Қарағанды облысы үздік шықты.
Алматы облысы намысын қорғап жеңімпаз атанған, соңғы Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, ұлттық құрама мүшесі Демеу Жадыраев(71 келіге дейінгі салмақ) финалдық бәсекенің оңайға соқпағанын жеткізді.
«Жеңімпаз атану қиын, ал ол атақты сақтап қалу одан да қиын. Барлық қарсыластар бізге қарсы ерекше дайындықпен шығады. Сол себепті жартылай финал да, финал да оңайға соқпады. Қарсыластар қарымды. Дегенмен біздің команда мол тәжірибе мен табандылықтың арқасында жеңіске жетті. Елбасы күнімен тұспа-тұс келген айтулы шара өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған. Бастысы бірнеше спорт түрінің басын қосқан Конфедерация Кубогының ғұмыры ұзақ болса екен деймін».
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ |
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ |
5:3 |
|
59 кг |
Айбек Нұғыманов |
Берікбай Асылхан |
3:2 |
66 кг |
Нұртай Нұрғалиев |
Ғалымжан Ысқақов |
2:0 |
71 кг |
Демеу Жадыраев |
Ибрагим Магомедов |
9:0 |
75 кг |
Дидар Керимбаев |
Эли Магомадов |
1:1 |
80 кг |
Азамат Дүмбіров |
Жасұлан Кошанов |
4:1 |
85 кг |
Санжар Темірбек |
Хусейн Муцольгов |
3:12 |
98 кг |
Жасұлан Сыдықов |
Ерұлан Ысқақов |
2:4 |
130 кг |
Нұрмахан Тыналиев |
Еркін Шайкенов |
8:0 |
Таэквондо
Таэквондодан финалдық кездесуде Алматы қаласы мен Алматы облысының спортшылары жолықты. Көпшілік финалда Қайрат Сарымсақов бастаған Маңғыстау облысын күткен болатын. Алайда олар жартылай финалдан аса алмады. Маңғыстау облысын тоқтатқан Алматы қаласының таэквондошылары финалдық бәсекеде де мықтылығын дәлелдеді.
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ |
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ |
72:42 |
Дзюдо
Дзюдодан Қайрат Ағыбаев, Жансай Смағұлов, Айдын Дартаев, Ислам Бозбаев және Ержан Шынкеев сынды спортшылардан құралған Қарағанды облысы финалда Ақтөбе облысы құрама командасын жеңді. Қарағандылықтар қатарынан тек Айдын Дартаев қана жеңілістің кермек дәмін татқаны болмаса өзгелері айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қарағандылықтар үшін финалға қарағанда жартылай финалдық кездесулер ауырға соққан сыңайлы. Тіпті финалдан сырт қалуы да ғажап емес еді. Құрамында Азамат Жамақанов, Ерасыл Болат және Дәурен Нұралинов сынды белді балуандары бар Алматы қаласы құрамасы үш бірдей Олимпиада ойындарының қатысушысы бар Қарағанды облысын әбден әбігерге салды.
Соңғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, Рио Олимпиадасының қатысушысы Жансай Смағұлов ұлттық құрамадағы командаласы Азамат Жамақановқа есе жіберді. Олимпиада ойынының дәмін татқан тағы бір дзюдошы Ислам Бозбаев Ерасыл Болаттың мықтылығын мойындауға мәжбүр болды. Соңғы жекпе-жек алдында жалпы есеп тең болатын. Шешуші белдесуге шыққан Дәурен Нұралинов пен Ержан Шынкеевтың екеуінде де командасын финалға алып шығатын теңдей мүмкіндік болды. Қос алып арасындағы айқастың тағдырын жалғыз «шидо» шешіп, Шынкеевтің командасы финалға өтіп кетті. Ал финалдық бәсекенің қарағандылық спортшыларға аса ауыр соқпағанын жоғарыда жаздық.
Финалдан соң Ержан Шынкеев жарыс туралы ойымен бөлісті
«Алматы қаласына қарсы жүйке тоздырар кездесу болды. Біздің жеңіске жету керек болған спортышларымыз күтпеген жерден ұтылды. Жансай Смағұлов пен Ислам Бозбаевтар қарсыластарын еш қиындықсыз ұтады деп ойладық. Спорт болған соң бірде бап, бірде бақ шабады. Барлығы жаратушының қолында ғой. Есеп екі де екі болып, шешуші айқас өзіме түсті. Қарсыласымды бұған дейін де ұтқанмын. Сол себепті жеңіске жететінімді іштей сездім.
Финалдық кездесуде айқын басымдықпен жеңіске жеттік. Ақтық айқас алдында ерекше рухтанып шықтық. Жеңіске жететінімізге сенімді болдық. Себебі командамыздағы бес спортшының үшеуі Олимпиада ойындарының қатысушысы. Ол командамыздың мықтылығының дәлелі»,- деді Ержан Шынкеев.
Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Житкеев марапаттау рәсімінде өз көңіл-күйіне ерік беріп, қуанышын жасырмады.
- Конфедерация кубогы керемет әсер қалдырды. Жарыстың форматы жақсы. Халыққа қызықты. Келген көрермендер әр спорт түріне жанкүйерлік танытып отыр. Конфедерация кубогының басты мақсаты – барлық спорт түрлерін бірден көрсету. Меніңше, Қарағанды облысының командасы әділетті түрде жеңіске қол жеткізді. Балуандарының дайындығы жақсы. Жылды қорытындылаушы жарыс болған соң ба жігіттер тәуекелге бармай, тактикалық күрес көрсетті. Финалда тек Смағұлов қана әдіс жасады. Ал қалған дзюдошылар ескертумен жеңіске жетіп жатты. Ақтөбе облысының құрама командасы финалға шыққаны мені таң қалдырды. Бұған дейінгі жарыстарды әлсіз көрінген еді. Жыл соңына қарай бұл ұжым осы жақсы ерекше рухпен келгені байқалды.
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ |
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ |
4:1 |
|
66 кг |
Қайрат Ағыбаев |
|
|
73 кг |
Жансай Смағұлов |
Нұрлыхан Сүйінбай |
|
81 кг |
Айдын Дартаев |
Еламан Қойышыбаев |
|
90 кг |
Ислам Бозбаев |
Мисин Әділет |
|
100+ |
Ержан Шынкеев |
Иманғазин Нұрсұлтан |
2017 жылғы Конфедерация Кубогының еркін күрес сайысында өткен жылғы финалистер Алматы облысы мен ШҚО палуандары биыл да өзара мықтыны анықтады. Бір жыл бұрын дәл осы екі облыстың командалары финалда кездесіп Алматы облысы жеңіске жеткен болатын. Биыл да сол сценари қайталанды. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда биылғы финалдық бәсеке аса тартысты өтті. Жан алысып жан беріскен кездесу 4:4 есебімен аяқталып, жеңімпаз балуандардың көрсеткен күрес сапасына қарай анықталды. Нәтижесінде, 42:40 есеп айырмашылығымен Алматы облысының спортшылары жеңімпаз атанды.
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ |
ШҚО |
4:4 |
|
57 кг |
Жандос Исмаилов |
Расул Қалиев |
11:0 |
61 кг |
Елдос Әбікенов |
Қуаныш Жақсыбаев |
11:9 |
65 кг |
Нұрлан Тұрған |
Асхат Слямханов |
1:2 |
70 кг |
Дәурен Жұмағазиев |
Бақытбек Тұрсынбаев |
9:3 |
74 кг |
Александр Гольцман |
Данияр Қайсанов |
0:5 |
86 кг |
Нұрдәулет Көктеубаев |
Аубакар Тургаев |
6:5 |
97 кг |
Аслан Кахидзе |
Азамат Дәулетбеков |
3:4 |
125 кг |
Омар Жұмаш |
Олег Болтин |
1:11 |
Бұл күндері қазақ күресі десе делебесі қозбайтындар жоқ болар. Балуан Шолақ спорт сарайына жиналған жұртшылықтың асыға күткен кездесулері Қазақ күресі палуандарының өнері болатын. Себеп те жоқ емес еді. Финалға шыққан Қарағанды облысының да, Алматы қаласы құрамында сайдың тасындай іріктелген атан жілік жігіттер жеткілікті еді. «Әскер» барысы атанып соңғы «Қазақстан барысында» қарсылас шыдатпаған Еламан Ерғалиев бұл жолы Қарағанды облысының намысын қорғауды жөн көріпті. Оған облыс ата аталса қарап қалмайтын Асыл Барменовты қосыңыз. Ал Алматы құрамында Виктор Демьяненко, Дәурен Нұралинов және Марат Нығматуллаев сынды мықтылар болды. Көпшіліктің делебесін қоздырған кездесулер Виктор Демьяненко мен Асыл Барменов және Еламан Ерғалиев пен Дәурен Нұралиновтар арасында өтті. Аталған кездесудің екеуінде де алматылық палуандар жеңіске жетіп командасына бас жүлде жеңіп алуға сүбелі үлес қосты.
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ |
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ |
5:3 |
|
55 кг |
Марат Нығматуллаев |
Нариман Тұтқышев |
|
60 кг |
Ержан Мағауинов |
Еламан Қуанбай |
|
66 кг |
Қасымхан Түленбай |
Қазбек Қабдығаниев |
|
74 кг |
Амангелді Төлемісов |
Айдос Ғалымов |
|
82 кг |
Әбдіқасым Сахан |
Ерқанат Молдағұлов |
|
90 кг |
Саят Шәмшиев |
Бекзат Ахметбеков |
|
100 кг |
Виктор Демьяненко |
Асыл Бәрменов |
|
+100 кг |
Дәурен Нұралинов |
Еламан Ерғалиев |
Ұлттық Олимпиада комитетінің төреағасы Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың ұйтқы болуымен, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы ұйымдастырған екінші Конфедерация Кубогы жоғарғы деңгейде өтті деп айтуға толық негіз бар. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған спортшылар өз аймағының намысын абыроймен қорғауға тырысты. Балуан Шолақ спорт сарайына жиналған жұртшылықтың қарасынан-ақ Конфедерация Кубогына халықтың ықыласы жоғары екендігін байқауға болады. Жалпы жүлде қоры 125 миллион теңгені құраған турнир спортқа деген көңілі алабөтен барлық жанкүйерлердің сарыла күтетін жарысына айналып келеді десек артық айтқандық емес.